СҚО-да 50 тонна сазды заңсыз өндірген кәсіпкер жауапқа тартылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы жер қойнауын өз бетінше пайдалану және жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерді орындамау фактілерін анықтады. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекет пайдасына 18 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Фото: Kazinform

Мәселен, биылғы 7 тамызда Петропавл қаласының маңында кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексінің талаптарын бұза отырып, арнайы техниканы қолдану арқылы кең таралған пайдалы қазбаларды (сазды) заңсыз өндірген. Шығарылған топырақ көлемі 50 тонна болды.

Бұл факт Петропавл полиция басқармасының АЕК-інде тіркеліп, тиісті шаралар қабылдау үшін облыстық Экология департаментіне жіберілді.

Департаменттің 2026 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 139-бабы бойынша айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар 2024–2025 жылдары 11 жер қойнауын пайдаланушы Кодекс талаптарына қайшы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жалпы сомасы 10,5 млн теңге қаражат аудармаған.

Басқа жағдайда, жерасты суларын пайдалануды жүзеге асыратын 26 субъект салық заңнамасының талаптарын бұза отырып, жалпы сомасы 29 млн теңге қол қою бонусын төлемеген.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекет пайдасына 18 млн теңге өндірілді, қалған соманы өндіру бойынша жұмыс жалғасуда.

Қадағалау органы жеке және заңды тұлғаларға жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны үшін заңда белгіленген жауаптылық туралы еске салады және қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға шақырады.

Осыған дейін Абай облысының прокуратурасы 3,4 мың кәсіпкердің құқығын қорғағаны туралы жаздық.