СҚО-да 500 гектар аумақ өртеніп кетті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданында дала өрті шығып, жақын маңдағы ауылды тілсіз жаудан аман алып қалу үшін жалынмен алты сағат бойы алысуға тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 маусым күні түске жақын Ғабит Мүсірепов ауданындағы Чистополье елді мекеніндегі № 20 өрт сөндіру бөлімшесіне Жаркөл ауылының маңында қураған дала шөбінің жанып жатқандығы туралы хабар түседі. Оқиға орнына бірден кезекші қарауыл аттанады. Дала өртінің ауқымын көрген мамандар көмекке қосымша күш пен техника сұратып, жергілікті билікті, ерікті өрт сөндіру құрылымдарын хабардар етеді.

«Өрт Жаркөл ауылынан 10 шақырымдай жерде шыққан екен. Біз келгенде бірнеше жүздеген гектар жер жанып жатты. Өртпен күресті қатты жел қиындата түсті. Желдің бағыты ауысқан жағдайда елді мекен отқа оранар еді. Оған жол бермеу үшін бар күшімізді салуға тура келді», - дейді Ғ. Мүсірепов ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Владимир Хутинаев.


Өрт сөндірушілерге «Ақан Сері Орман шаруашылығы» КММ және әкімдіктің қызметкерлері, жергілікті тұрғындар көмекке келді. Сондай-ақ өрт шыққанын естіп 60 шақырым жерден «СП Гаршино» ЖШС ерікті өрт сөндіру құрылымының өрт сөндірушілері жетті. Нәтижесінде алты сағаттан кейін жалын толықтай ауыздықталды.


Мамандардың айтуынша, өрт 500 гектар алқапқа жайылды, жедел және бірлескен іс-әрекеттің нәтижесінде жалынның үлкен аумаққа таралуына және ауылға кіруіне жол берілмеді.