СҚО-да 53 елікті атып алғандардың ісі сотқа жетті

Солтүстік Қазақстан облысында ерекше қорғалатын аумақта екі елікті атқан төрт браконьер сотталды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: gov.kz

СҚО прокуратурасының хабарлауынша, Астана қаласының екі тұрғыны және екі солтүстікқазақстандық Қызылжар ауданындағы ұлттық табиғи парктің аумағында екі елікті заңсыз атып алған.

Дәлелдер бола тұра, жазаға тартылған олар өз кінәсін мойындамаған және істеген істеріне өкініш білдірмеген.

Петропавл қалалық соты прокуратураның пікірімен келісіп, төрт браконьерді 3 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сондай-ақ олардан келтірілген материалдық шығын - 4,5 млн теңге өндіріліп алынады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Петропавл қалалық соты бұдан басқа 53 сібір елігін заңсыз атқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрамындағы 4 адамға қатысты істі қарап жатыр. Олар мемлекетке 68 млн теңге шығын келтірген.

2023 жылы СҚО соттары заңсыз аңшылық үшін барлығы 12 іс бойынша 21 адамды соттады.