СҚО-да 53 мектеп қашықтан білім беріп жатыр

Фото: Фото: Pixabay

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына байланысты 53 мектеп және 7 колледж онлайн форматта жұмыс істеп жатыр.

Бұл туралы СҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Татьяна Протопопова Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте айтты. Қашықтан білім беріп жатқан мектептердің 41-і – Петропавлда орналасқан. Облыс орталығын сумен қамтуға қатысты жағдай түзелуіне байланысты келесі аптада олардың көпшілігі офлайнға көшуі мүмкін. Ал су басқан Былғары зауыты, Ойқала және Заречный кентіндегі үш білім ордасының мыңға жуық оқушысы қашықтан оқуларын жалғастыра береді. Эвакопунктте тұрып жатқан балалар қажетті техникамен, оқулықтармен қамтылған. 

Бұған дейін Қызылжар ауданының 19 мектебі онлайн форматқа көшірілсе, қазір олардың бесеуі штаттық режимде жұмыс істеп, тағы екеуінде сабақ аралас жүргізіліп жатыр. 

«15 сәуірден бастап барлық мектептерде 2-11 сынып оқушылары арасында бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау жүргізіліп жатыр. Министрліктің тапсырмасына орай мектептер өздігінен оның уақытын өзгертіп, кейінге шегере алады. Білім басқармасы су басқан аумақта орналасқан жеті мектептен бағалауды алып тастады. Олар: Қызылжар ауданындағы Большая малышка, Озерный, Соколов, Долматово және Петропавлдағы № 12, 13, 14 мектептер. Сондай-ақ бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі 15 сәуірден бастап облыстың 60 мектебінде оқушылардың білім деңгейіне мониторинг жасау үшін 4 және 9 сынып оқушыларын тестілеуді жоспарлаған еді. Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты су басқан елді мекендерде орналасқан 8 мектеп тізімнен алынды, қалғандарында 13-17 мамыр аралығында өтетін болды», - дейді Татьяна Протопопова.

Сондай-ақ қазіргі уақытта СҚО-дағы 24 колледждің 7-уі қашықтан оқытып жатыр. 

Бұған дейін Петропавлда келесі аптада жылыту маусымы аяқталатынын айтқан едік.