СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, өңірде суы тасып, арнасынан шығуы мүмкін Есіл, Чаглинка, Сілеті, Қамысақты өзендері және олардың сағалары бар.
Сондай-ақ еріген қар суынан кей көлдер де жайылуы мүмкін.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, көрсеткіштер көп жылғы деңгейде, кейбірі, мәселен, топырақтағы күзгі ылғал 39 %-ға төмен. Сергеев су қоймасы 78,6 %-ға толған, бұл былтырғы деңгейден 11 %-ға төмен. Көктемде шамамен 1080 млн текше метрге толады деп жоспарлап отырмыз, бұл жылдағыдай көрсеткіш. Сілеті өзенінде ылғал қоры биыл әдеттегіден 25 %-ға артық. Бұл болжам қолайлы, десек те, көктем жауынды-шашынды болады деп күтілуде. Яғни көктемгі су тасқынына әсер етуі мүмкін», - дейді Рамиль Камалов.
СҚО-да қолға алынған іс-шаралардың нәтижесінде 170 елді мекеннен су басу қаупі алынды. Қазіргі уақытта қызыл судың жолында тұрған 85 елді мекен бар.
Бұл - 6068 тұрғыны бар 1872 үй. Бұл елді мекендердің 30-ы өзендердің тасуынан, 13-і көл суының көтерілуінен және 42-сі еріген қардан су астында қалуы мүмкін.
«Облыс әкімі көктемгі су тасқынына дайындық, өткізу және облыс аумағында ықтимал залалды азайту жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті, оның аясында су тасқыны қатерінің алдын алу бойынша алдын ала жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі күні елді мекендерден 463 мың текше метр қар шығарылды. 3-4 наурыз күндері «Көктем - 2016» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуы өтеді. Аудандардың, мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының дайындығы тексеріледі», - дейді департамент бастығы.