СҚО-да 61 мың адамға тұмауға қарсы вакцина егілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жедел респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны артты. Бір аптада 875 адам медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, биыл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауруды жұқтыру 19% төмен болғанымен, өткен аптадағы көрсеткіштен 7% артқан. Яғни күннің суытуымен суық тигендер саны артып келеді. Ауруды жұқтырғандардың негізгі үлесін - 72% 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.

Вирусологиялық зерттеулердің нәтижелері бойынша Петропавл қаласында тұмаумен ауырудың бір жағдайы анықталды. Сырқаттан «В» типті тұмау вирусы табылды.

«1 қазаннан 1 желтоқсанға дейін облыста тұмауға қарсы вакцина егу жұмыстары жүргізілді. Вакцинация тұмаудың салдарынан болатын ауыр асқынуларға жол бермейді. 1 қазаннан 15 қарашаға дейін облыс тұрғындарының 10,9%, 60 мың 965 адам тұмауға қарсы егілді, оның 17 мың 408 бала. Жергілікті бюджет есебінен 60 мың адам егілсе, қалғаны екпені ақылы негізде алды», - дейді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айнаш Сағындықова.

Тұмау вирусы ауру адамнан жөтел және түшкіргенде ауа-тамшы жолымен, сондай-ақ жалпы пайдалану заттары арқылы жұғады. Әдетте жедел респираторлық вирустық инфекция адамда жеңіл өтеді, ал тұмауда дене қызуы бірден 39-40°С дейін көтеріліп, қалтырайды, жөтел пайда болып, әлсіздік, бас ауыруы, бұлшық ет пен буындардың ауыруы мазалайды.

Суық тию мен тұмаудан қорғану үшін мамандар қолды үнемі сабынмен жуып, бөлмені желдетіп отыру қажеттігін және саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану керектігін айтады. Сондай-ақ дәрігерлер аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде уақытылы медициналық көмекке жүгінуді және өзін-өзі емдеуге болмайтындығын ескертеді.