СҚО-да өңірдің бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шығып, құжат 20 маусым сағат 00.00-ден бастап күшіне енбек.
Ертеңнен бастап облыста түнгі клубтардың, балалардың сауықтыру лагерлерінің, мектеп жанындағы лагерлердің, көңіл көтеру орындарының, соның ішінде караоке, бильярд, компьютерлік клубтар және боулинг-орталықтардың жұмысы тоқтатылады.
Фитнес, тренажер залдары, спорт кешендері мен бассейндердің, аквапарктер уақытша жабылады. Сондай-ақ таза ауадағы қоғамдық орындар: саябақтар, скверлер, аттракциондар жұмысы тоқтайды.
Халыққа қызмет көрсету орталығы толық онлайн форматқа көшірілгенімен, қашықтан алуға болмайтын қызметтер сағат 9.00 мен 20.00 аралығында көрсетілетін болады.
Туризм нысандары жұмыс істей бермек, алайда ондағы адам саны тиісті мөлшерден аспай, келушілер әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға міндетті.
Сондай-ақ, ертеңнен бастап жасы 65-тен асқандардың көшеге шығуына шектеу қойылмақшы.