СҚО-да 7 қауіпті туристік нысан тіркелді

Фото: Айыртау ауданы әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өмірге қауіп төндіретін, жетуі қиын таулы жерлердің, су айдындары мен спелеологиялық нысандар тізбесін жасады.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл тізімге 254 нысан енгізілген. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында орналасқан 7 таулы аймақ бар. Олар: «Екі бауыр» шоқысы, Ақан сері төбесі, «Буян» шатқалы, Қазантау тауы, Имантау көліндегі «Жылан аралы» және «Орлиная шора» шоқысы. 

— Бұл жерлердің табиғаты ерекше, көркем болғанымен, әсіресе дайындықсыз келген туристер үшін қауіпті болуы мүмкін. Енді осы тізімдегі бағыттарға шықпас бұрын әр турист өз маршруты туралы міндетті түрде хабарлауы тиіс. Оның ішінде азаматтық қорғау органдарының 112, 101, 102-нөмірлеріне қай жерден шыққаны, қайда бара жатқаны, қай уақытта қайтуды жоспарлап отырғаны жөнінде хабарлауға міндетті. Сондай-ақ сапар алдында eQonaq мобильді қосымшасын жүктеп алған жөн. Бұл жүйе тікелей құтқару қызметі болмаса да, туристің қайда жүргенін бақылап, қажет болған жағдайда жедел көмек көрсетуге ықпал етеді, — дейді департаменттің қызметкері Нұрсұлтан Төлеген.

Маманның айтуынша, соңғы 3 жыл ішінде Айыртау ауданындағы Имантау көлінде бір құтқару операциясы жүргізілді. Шоқыға мінген демалушы жол таба алмай, адасып кеткен. Оның үстіне ұялы телефоны толық отырып қалған, туыстарына да, құтқару қызметіне де хабарласа алмаған. Жаңа талап осындай оқиғалардың алдын алу үшін жасалып отыр.

Қазіргі таңда жергілікті құтқарушылар іздестіру-құтқару жұмыстарына дрондарды жиі қолданып жүр. Олар ауа райына қарамай үлкен аумақтарды шолуға, түнде немесе тұманды кезде жоғалған адамды табуға көмектеседі. 

— Сақтансаң сақтайды. Тауға шығар алдында жүретін бағытыңызды, жер бедерін, ауа райын, су көздерін алдын ала зерттеңіз. Жақындарыңызға немесе құтқарушыларға жоспарыңыз жайында хабарлаңыз, Өзіңізбен бірге аяқ киім, киім, дәрі-дәрмек, компас, карта, азық алғаныңыз жөн. Мұндай жолға жалғыз шығу қауіпті. Сондай-ақ байланыс құралдары — қуаты толық телефон, рация немесе спутниктік маяк болуы тиіс. Жабайы жануарларға тиіспеңіз, бұл сізге де, оларға да қауіпті болуы мүмкін, — дейді құтқарушы.

Бұған дейін СҚО-да жедел жәрдем қызметі жаңа функция енгізгенін жазған едік.