СҚО-да 7 мыңнан астам адам уақытша тіркеуге тұрды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО әкімі Петропавлға жасаған жұмыс сапары барысында халыққа қызмет көрсету орталығына барды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Ерік Сұлтанов ХҚКО жұмысымен жеке танысып, мұндағы кезектің көп емес екендігіне көз жеткізді. Азаматтардың қажетті қызметті уақтылы алуы үшін барлық жағдайлар жасалған.

Уақытша тіркеуді енгізуге қатысты жағдай туралы облыс әкіміне «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Мұхамадияр Исматов пен көші-қон полициясы басқармасының басшысы Еркетай Тұтқышев ақпараттандырды.

Уақытша тіркеуге қатысты заң жобасының іске қосылатыны туралы айтылғалы бері департаментте тіркеуді рәсімдейтін қызметкерлер саны көбейді, сонымен қатар жұмыс күні ұзартылды. ХҚКО күн сайын, демалыс күндері де таңғы сағат 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс жасайды.

Жыл басынан бері 7 мыңнан астам адам уақытша тіркеуді рәсімдеді.

СҚО әкімі уақытша тіркеуді әуежайда, темір жол және автовокзалдарда рәсімдейтін мобильді топ құруды тапсырды.  

Кейін Ерік Сұлтанов «Петропавл трактор зауыты» ЖШС-ға барды. Сондай-ақ, ол жұмыс барысында «Орман» мөлтекауданындағы 12 пәтерлі тұрғын үйді қарап шықты.