СҚО-да 74 мектепте тыйым салынған контентке қол жеткізуге тосқауыл қойылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдары кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау аясында білім беру мекемелерінде тыйым салынған интернет-ресурстарға қол жеткізуді шектеді.
Талдау нәтижесінде Ғ.Мүсірепов, Қызылжар, Тимирязев, Уәлиханов аудандары мен Петропавл қаласының жалпы білім беру мекемелерінде «Білім туралы» Заңның 43-бабы талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды.
- Белгіленген нормаларға қарамастан, 74 мектепте оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге, соның ішінде суицид пен зорлық-зомбылыққа итермелейтін материалдар бар тыйым салынған сайттарға еркін қол жеткізуге мүмкіндік болған.
Прокуратура қаулылары негізінде білім беру ұйымдарының басшылары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабы 7-2-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, прокурорлардың ұсыныстарынан кейін барлық аталған мектептерде тыйым салынған интернет-ресурстарға қолжетімділік толық шектелді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 11 мыңнан астам баланың құқықтары қорғалды.
Прокуратура кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, заңды өкілдер мен балаларға 8 (7152) 36-03-59 сенім телефонына хабарласуға болатынын еске салды.
Айта кетейік, СҚО-да жаңа оқу жылында екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі.