СҚО-да 800-ден астам адам пробация қызметінің есебінде тұр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында «Пробация» республикалық алдын алу іс-шарасы аясында пробация қызметінің есебіндегі адамдар тексеріліп жатыр. Алты күнде шартты түрде сотталғандар тарапынан тәртіп бұзудың 22 дерегі тіркелді.

Фото: СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Пробация» республикалық профилактикалық іс-шарасы 15-22 тамыз аралығында өтіп жатыр. Оған пробация қызметінің қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары қатысады. Мақсат – шартты түрде сотталған адамдар тарапынан жаңа қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеу, сондай-ақ рецидивтік қылмыстардың алдын алу.

«Іс-шара барысында тәртіп сақшылары барлық сотталғандармен, олардың көршілерімен және туыстарымен міндетті түрде жеке профилактикалық әңгімелер өткізіледі, жергілікті атқарушы органдардан әлеуметтік-құқықтық, заңгерлік және өзге де көмек алу мүмкіндігі түсіндіріледі», - дейді департамент мамандары.

Қазіргі уақытта СҚО-да аудандық пробация қызметінің 17 бөлімі мен бөлімшелері жұмыс істейді, олардың есебінде 806 сотталған тұр. Соның ішінде 150 адам белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырған, 15 адам қоғамдық, 2 адам түзеу жұмыстарына тартылған. 567 адамның бас бостандығын шектелсе, 8-інің үкімінің орындалуы кейінге қалдырылған. Сондай-ақ 64 адам пробациялық бақылаумен шартты түрде сотталғандар.

Есепте тұрған адамдардың басым бөлігі - 316 адам Петропавлдың пробация қызметі бөлімінің бақылауында тұр.

Өткен алты күн ішінде «Пробация» республикалық профилактикалық іс-шарасы аясында СҚО-да барлық 806 сотталған тексеріліп, жазаны өтеу шарттары мен тәртіпті бұзудің 22 дерегі анықталды. Жазаны өтеу кезеңінде бірқатар сотталған өздерін теріс жағынан көрсеткен. Осыған байланысты қазір жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы соттарға 5 материал жіберді.

Бұған дейін СҚО-дағы ең ірі салық төлеушілер кімдер екенін жазған едік.