СҚО-да 85 жастағы бапкерлер чемпиондар тәрбиелеп жүр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында спорт саласында жаттықтырушы тапшылығы бар. Салдарынан бүгінде бапкерлердің 57-сі зейнетке шықса да жұмыс істеп жүр.

Фото: altxw.com

Солардың бірі – 85 жастағы Виталий Дурнев. Ол биатлоннан жаттықтырушы. Тәрбиеленушілері Дмитрий Гутов, Егор Кучеренко осыдан екі жыл бұрын ел чемпионатында жүлделі орындарға ие болды.

Фото: СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Екіншісі – конькимен жүгіру спортынан бапкер Александр Суровяткин. Оның да жасы 85-те. Спорттың осы түрінен жақсы нәтиже көрсетіп жүрген апалы-сіңлілі Шумековаларды жаттықтырады. Мәселен, биыл Кристина Шумекова Германияда жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында бірнеше алтын медальді жеңіп алды. Бұл - тәжірибелі бапкерлердің еңбегі өлшеусіз екенін көрсетеді. Бірақ мамандардың жасы ұлғайып келеді.

Фото: ҚР Дене шынықтыру және спорт басқармасы

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, қазір облыста жүзу, баскетбол, волейбол, бокс, грек-рим күресі, шаңғы жарысы, велоспорт, дзюдо, футбол, шайбалы хоккей секілді көптеген спорт түрлері бойынша маман жетіспейді. Ең үлкен сұраныс баскетбол, жүзу, велоспорт, семсерлесу және грек-рим күресіне түсіп отыр. Жалпы, зейнет жасындағыларды қоспағанда 81 жаттықтырушының орны бос тұр.

Ауыл спортында да маман жетіспеушілігі бар. Футболдан үш, баскетболдан үш, бокстан екі, тоғызқұмалақтан екі, керлингтен екі жаттықтырушы қажет.

- Соңғы үш жылда облысқа 83 жас жаттықтырушы жұмысқа қабылданды. Жастарды ұстап қалу үшін қосымша ынталандыру шаралары да қолға алынған. Атап айтқанда, жас мамандарға лауазымдық жалақының 30% мөлшерінде үстемақы төленеді. Дегенмен бұл мәселені толық шешпей отыр, - дейді басқарма басшысы Қарлығаш Рамазанова.

Бүгінде өңірде 28 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, оның ішінде 4 мамандандырылған және 5 олимпиадалық резервтің мамандандырылған спорт мектептері бар. Бұл мекемелерде 14 мыңға жуық спортшы шұғылданады.

Ал жаттықтырушылардың жалпы саны 750-ден асады. Оның 360-ы ауылдық жерлерде еңбек етеді.

Бұған дейін «Болашақ ойындары – 2026» турниріне 900-ден астам спортшы қатысатындығын жазған едік.