СҚО-да әдеп сақтамаған аудан, ауыл әкімдері тәртіптік жазаға тартылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл мемлекеттік қызмет саласында 450-ден астам заң бұзушылық тіркелді.

Фото: Pexels

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, биыл өңірде ведомство 26 тексеру жүргізген, оның тек бесеуі ғана жоспарлы болған. 

— Мемлекеттік бақылау тек заң бұзушылықтарды анықтап, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартумен шектелмейді. Бақылау жұмысының басты мақсаты — құқықты қалпына келтіру және заң бұзушылыққа әкелген себептерді жою.

Тексерістердің нәтижесінен кейін 56 өтініш берушінің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, — дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақыт Махатов.

Жоспардан тыс тексерулердің басым бөлігі азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің өтініштері негізінде жүргізілген. Мәселен, облыстағы мемлекеттік органдардың бірінде мемлекеттік қызметшіге тиесілі сыйақы заңсыз төленбеген. Департамент тексеріс жүргізіп, мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқығы қалпына келтірілді. Оған тиесілі сыйақы толық көлемде төленді.

— Әрбір тексерудің және анықталған әрбір заң бұзушылықтың артында нақты жағдайлар мен адамдардың тағдыры тұр. Сондықтан олардың әрқайсысына құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданады.

Тексерулер мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу жағдайлары да кездесетінін көрсетті. Талап бәріне ортақ, мемлекеттік орган басшыларына да, басқа мемлекеттік қызметшілерге де бірдей қойылады, — дейді Бақыт Махатов.

Маманның айтуынша, облыстық бір басқарма басшысының орынбасары азаматпен қарым-қатынас барысында теріс әрекетке жол берген. Тағы бір жағдайда мемлекеттік органның басшысы мұғаліммен сөйлесу кезінде әдеп нормаларын сақтамаған.

Жүргізілген тексерулер барысында бұл фактілер расталды. Мемлекеттік қызметшілерге тиісті тәртіптік жауапкершілік шаралары қолданылды.

Тағы бір тексеру барысында ауданның ауылдық округі әкімі тұрғындармен өткен жиын кезінде дөрекі сөйлеген. Ол да тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

— Облыс әкімі орынбасарының қабылдауында азаматтың өтініші талқыланған кезде аудан әкімі өтініш берушіге қатысты шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер таратқан. Тексеру материалдары Әдеп жөніндегі комиссияда қаралды. Аудан әкіміне тәртіптік жаза қолданылды.

Жоғары лауазымды мемлекеттік қызметші де заң талаптарын және қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтауы тиіс, — дейді Бақыт Махатов.

Бұған дейін мемлекеттік қызметшілер қандай заң бұзушылықтарға жиі жол беретінін жазған едік.