СҚО-да АИТВ жұқтырғандардың арасында ерлердің үлесі басым
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Мамырдың үшінші жексенбісінде бүкіл әлемде АИТВ-дан (СПИД) қайтыс болғандарды еске алу күні атап өтіледі. Биыл ол 19 мамырға сәйкес келіп отыр.
Петропавлда да жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан қайтыс болғандарды еске алу күні атап өтілмек. Солтүстік Қазақстан облысы АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталық директоры Ринат Өлмесековтың айтуынша, мақсат - індеттен зардап шеккен адамдарды қолдау және қоғам назарын тағы бір мәрте адамның иммун тапшылығы вирусына аудартып, оның барлығын еске салу.
«Адам психоактивті заттарды инъекциялық жолмен қолданатындар қатарына жатпаса да, жезөкше болып, секс қызмет көрсетпесе де, АИТВ жұқтыру қаупі жоғары екенін ұмытпауы тиіс. Ол дертті қандай да бір себептермен жұқтырып, оны ұзақ уақыт бойы білмеуі мүмкін. Адамда АИТВ бар-жоғын білудің бір ғана жолы бар - АИТВ тестілеуден өту. Адамның жұқтырғанын немесе жұқтырмағанын сыртқы түрінен анықтау мүмкін емес», - дейді Ринат Өлмесеков.
Қазіргі уақытта СҚО-да АИТВ-мен өмір сүретін 1400-ден астам адам есепте тұр. Олардың арасында ерлердің үлесі 61,2%, қалғаны – әйелдер. Соңғы екі жарым жылда балалар арасында АИТВ инфекциясын жұқтыру тіркелген жоқ.
«Бүгінде облыста АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 86% антиретровирустық терапия алады, соңғы 5 жылда көрсеткіш 6,3% өсті. Бұған орталық мамандарының пациенттермен жүргізген ауқымды түсіндіру жұмысы ықпал етеді.
Диагноз қойылғаннан кейін адамдардың көпшілігі өмірден түңіліп, болашақтан үміт үзеді. Өйткені инфекцияның емделмейтіндігі, оның ЖИТС сатысына өту ықтималдығы жоғары екенін біледі. Бірақ АИТВ әлі де емделмейтін ауру болғанымен, антиретровирустық терапияны уақытында бастап, дәрігердің барлық нұсқауларын орындаған жағдайда әрі қарай ұзақ және толыққанды өмір сүре алады. Мұндай пациенттердің өмір салты дені сау адамдардың өмір сүру сапасынан еш айырмашылығы жоқ», - дейді Ринат Өлмесеков.
Маманның айтуынша, антиретровирустық терапия АИТВ-мен өмір сүретін адамның қанындағы вирустың концентрациясын ең төменгі деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл иммундық жүйені қалпына келтіруге, инфекциялармен күресуге және АИТВ-ның төртінші клиникалық сатысы -ЖИТС-тің дамуына жол бермейді.
«Соның ішінде терапия АИТВ диагнозы қойылған әйелге сау бала тууға мүмкіндік береді.
Алайда, емдеудің тиімді болуы үшін осы терапияны бастаған адам дәрі-дәрмектерді күнделікті және өмір бойы қабылдауы керек, дәрігердің барлық нұсқауларын қатаң сақтауы керек. Әдетте, емдеу режимі бірнеше дәрі-дәрмектердің жиынтығынан тұрады. Қазақстанда АИТВ-инфекциясын емдеудің барлық әдістері және ДДҰ ұсынған препараттардың негізгі схемалары қолданылады. 2009 жылдан бастап антиретровирусты терапия тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тегін жүргізіледі», - дейді орталық директоры.