СҚО-да әкесін ұрған 22 жастағы жігіт қамауға алынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында 67 жастағы әкесін ұрған жігіт 5 тәулікке қамауға алынды.

Фото: Алматы ПД

Оқиға Шал ақын ауданы Бірлік ауылында болған. Әкесіне қол жұмсап, балағаттап жатқан бейнежазбаны жігіттің өзі әлеуметтік желіге жүктеген. Көпшілікке белгілі болған бұл факті бойынша тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, тексеру жұмыстарын жүргізді.

Полиция қызметкерлері бұл жанжалдың тұрмыстық себептерге байланысты туындағанын анықтаған. Жігітке қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлігі — «Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді.

Зейнеткер сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартты, ұлына қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, полицияға арыз жазудан бас тартты.

Сот шешімімен жас жігіт бүгін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция департаменті отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және туыстарына қатысты кез келген құқыққа қарсы әрекеттер үшін заңға сәйкес жауапкершілік бар екенін ескертеді. Осындай жағдайлардың куәсі болған жағдайда, бұл туралы дереу полицияға хабарлау қажет.

Бұған дейін Маңғыстау облысының Жетібай ауылындағы балабақшада тәрбиеленуші кеңсе пышағынан жарақат алғанын жазған едік.