СҚО-да ақын-әншілер арасында қазақ күресінен турнир өтті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Мәдениет қызметкерлері күніне орай «Өнер көкжалы» атты қазақ күресінен турнир өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған жобада өнер адамдары боз кілемде кездесіп, күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Винокуров спорт сарайында қазақ күресінен турнир сахна майталмандары арасында өтті. Ерекше жобаға халық шығармашылығы орталығының қызметкерлері, Ақан Сері атындағы филармонияның әншілері, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актерлері, Петропавл қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері және өңірдің 8 ауданынан өнерде жүрген 16 адам – 80 мен 122 келі салмақ дәрежесі аралығындағы жігіттер қатысты.

«Қазақ күресін дамытуды, өнер мен спорттың егіз екенін көрсетіп, ұлттық құндылықтарға бет бұруды мақсат еттік. Жалпы өнер жолында жүрген жігіттердің бойында сексен өнер де азшылық етеді. Бүгін қатысып жатқандардың бәрі тек сахнада жүрген, яғни әншілер, ақындар, сондай-ақ аудандағы мәдениет үйінің қызметкерлері. Енді арнайы жүлде тігіп отырмыз. Арнайы жүлде - алтынмен апталып, күміспен күптелген белдік Шымкентте арнайы тапсырыспен жасалды. Сонымен бірге ақшалай сыйлықтар және дипломдар бар. Бұл турнир келесі жылы да жалғасын табады деп ойлаймын», - дейді турнирді ұйымдастырушы, айтыскер ақын Жарқын Жұпархан.

Жекпе-жекте қазақ күресінің барлық ережелері ескерілді.

«Бозкілемге алғашқы жұпта шықтым. Қарсыласымды жамбасқа салып таза жеңдім. Турнирдің алдында күрестің ережелерін еске түсіріп, жаттығуға тура келді. Шын мәнінде көптеген өңірде осындай «Өнер барысы» не басқа да сайыстар өтіп жатады. Бұл бізде алғаш өтіп жатыр, дәстүрлі болса екен деген тілегім бар», - дейді облыстық халық шығармашылығының орталығының қызметкері, әнші, жүргізуші, «Жаңажол қыраны» лақап атымен шыққан балуан Тимур Сейітжан.

Екі сағатқа созылған турнирдің жеңімпазы болып жауырыны жер иіскемеген Дәулет Құрмаш танылды. Айыртау ауданынан келген айтыскер ақын Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебінің шәкірті, облыстық, республикалық айтыс, жыр мүшәйраларының жүлдегері. Оған алтын белдік және 300 мың теңге сыйақы бұйырды. Жүлделі екінші-үшінші орынды Айыртау ауданы мен Ақжар ауданынан келген Еркін Нұрбахтинов пен Нұрқасым Хасенов иеленді.