СҚО-да алаяқтық жасаған басқарма басшысы 10 млн теңге төлеп құтылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық соты Қызылжар ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысына үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық сотының мәліметінше, сотталушы - Қызылжар ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы М. деген адамды салық көрсеткіштерін өзгертуге көмектесемін деп алдап, 1 250 мың теңге ақшасын иемденіп кеткен.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, жазбаша материалдармен дәлелденді.

Прокурор сотталушыны өмір бойы тиісті органдарда қызмет атқару құқығынан айырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы кінәсін мойындады.

Жалпы қылмыстың бұл түрі үшін айыппұл немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сот сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайды - оның шын жүректен өкінуі, жас баласы бар екенін есепке алды.

Ал қабылдаған антты бұзуы - қылмысты ауырлататын мән-жай деп танылады.

Сот сотталушыға заңсыз иеленген мүліктің 10 еселенген мөлшерінде айыппұл салуға жаза кесті. Айыппұл сомасы - 10 271 мың теңге.

Сондай-ақ экс-шенеунік өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.

Ал 1 250 мың теңге мемлекет кірісіне тәркіленді.