СҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қыс басталғалы өңірде ауа райының қолайсыздығынан республикалық, облыстық маңызы бар жолдар 28 рет жабылған. Солтүстік Қазақстанда боранда қар алып қалу қаупі жоғары 396 учаске бар. Оның жалпы ұзындығы - 1180 км. Мамандар бұл жерлерді үнемі назарда ұстайды.
«Биыл қыста жолдарды қардан аршуға мыңға жуық техника әзірленді. Қыстың күрделі болуына байланысты арнайы техника жолдарды тазалап үлгермей жатыр. Шалғай ауылдарға жол ашу оңай емес. Бүгін таңертең жолы жоқ 13 елдімекен қалды. Бүгін-ертең бұл жұмыстар аяқталады», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.
5 наурыздан бастап ТЖД облыстық жедел штаб жұмыс істеді. Құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік етіп, жолда қар құрсауында қалғандарды эвакуациялады. Медициналық көмек керек болғандарға арнайы техниканы жұмылдырды.
Бұл күндері Мамлют, Есіл аудандарында қатты боранға байланысты электр желілері үзіліп, бірнеше ауылдың жарықсыз қалған кездері болды. Маманның айтуынша, «СевКазЭнерго» мамандары оқиға орнына барып, жөндеді. Қазіргі уақытта мәселе жоқ.
«Қыс биыл кетуге асығар емес. Алдағы демалыс күндері антициклонның әссерінен тағы да қалың қар жауып, жел тұрады. Сол себепті қауіпсіздік шараларын ұстанып, жолға шықпауды ескертеміз. Жол жүруге аса қажеттілік болған жағдайда көлікте жанармай қоры, жылы киімдер болуы керек.
Жалпы қыс басталғалы халықты ескертіп, 87 рет смс хабарлама жібердік. Соған қарамастан тұрғындар арасында боранда жолға шығатындар бар. Бастарыңызды қауіп-қатерге тікпеулеріңізді сұраймыз», - дейді Мұрат Қанғожинов.