СҚО-да әлеуметтік желідегі жазбалары үшін спортшы 6 жылға сотталды

Фото: Pixabay.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облыстық соты апелляциялық шағымды қарап, Айбас Қоңқаевқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. 

СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, аралас жекпе-жек түрлерінен кәсіби жаттықтырушы Палестинаны қолдаған жазбалары үшін сотталған еді. Оған «араздықты қоздыру» және «полиция қызметкеріне күш қолдану» баптары бойынша айып тағылған.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы «саяси, этносаралық және діни сипатқа ие» палестиналық-израильдік оқиғалар мен қақтығыстарға аса қызығушылық танытқан. Ол Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыста зардап шеккен палестиналықтардың бейнелері мен видеоларын жариялап отырған. Сондай-ақ жеке парақшасына «Freedom for Palestine», яғни «Палестинаға бостандық» деген жазба мен Палестина туын орналастырған. Айыптаушы тарап оның бұл әрекетін «діни араздықты қоздыруға бағытталған қылмыстық ниет» деп бағалаған.

Сотталған адамның туыстары сараптама қорытындыларының негізсіз екенін айтып, оны ақтауды талап етті.

21 сәуір күні Есіл аудандық соты Конқаевты кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Бұған дейін СҚО-да екі баланың өліміне кінәлі деп танылған мейірбикеге сот үкімі өзгеріссіз қалғанын жазған едік.