СҚО прокуратурасының мәліметінше, алимент төлемдерін өндіріп алу және алиментті қасақана төлемейтін борышкерлерді Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселелері жөнінде ведомствоаралық кеңес өтті. Жиынға қадағалаушы орган өкілдерінен бөлек сот орындаушылары мен тергеушілер қатысып, өзара іс-қимылды талқылады.
Іс-шарада сот орындаушылардың ұсыныстарды дайындау сапасы, оларды енгізудің негізділігі және қылмыстық істер бойынша тергеушілер қабылдаған процессуалдық шешімдерінің заңдылығы мәселелері талқыланды.
Өңірде бұл мәселе өзекті. Қазіргі уақытта СҚО-да қасақана алимент төлемей жүрген 160 адам бар. Олардың жалпы қарызы - 246,9 млн теңге. Борышкерлердің 14-і қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 11 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Прокурорлар бұған дейін тоқтатылған 55 қылмыстық істің заңдылығын қарап, нәтижесінде 4 қылмыстық іс бойынша заңсыз процестік шешім жойылды. Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстарды дұрыс жібермегені үшін 5 сот орындаушысы әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Талқылау нәтижесі бойынша сот актілерін орындауға, мемлекеттік және уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын арттыруға, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша қасақана алимент төлемеушілерді жазаға тартуға бағытталған бірлескен іс-шаралар әзірленді, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.