СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көпжылғы тәжірибе барысында табиғат аясында демалушылардың атуға дайындалған қаруды тасымалдайтыны анықталған. Бұл - өрескел қателік.
Тасымалданатын қарудың оғы алынған, бөлшектелген және қару қабына салынған болуы қажет.
Полицейлер рейд барысында ішімдік ішкен аңшыларды да жиі кездестіреді. Бұған қатаң түрде тыйым салынған.
«Полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасын сақтау бойынша аңшылық және орман шаруашылығы өкілдерімен бірлесіп тұрақты түрде рейд өткізеді. Аңшылық маусымы ашылуына байланысты бұл жұмыс күшейтілді. Бүгінгі таңда суыр, бөдене мен қаз, үйрек, қасқалдақ аулау маусымы ашылды. Қыркүйектің алғашқы күндерінен жанат тұқымдас итті, борсық, кекілікті атуға рұқсат бар. Заңнама талаптары мен қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтау қажеттігін еске саламыз», - дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Полицейлердің басты кеңесі: қаруды сақтау және қолдану рұқсаты мерзімінің өтпегеніне көз жеткізу керек. Қажет болған жағдайда жаңа рұқсат ресімдеңіз, өйткені әкімшілік жауапкершілікке тартылуыңыз әбден мүмкін.
Қорықшының немесе жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспектордың қатысуымен ғана тұяқты жануарларды аулауға болатынын естен шығармаған жөн.
Тамыз айының соңында табиғатты қорғау полиция қызметкерлері рейд өткізді.
Нәтижесінде қаруды заңсыз сақтаудың 3 фактісін, аңшылар мен балықшылардың тарапынан болған 64 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Жалпы жыл басынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабы «Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу» бойынша 439 және ҚР ӘҚБтК 383-бабы «Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу» бойынша 250 факті анықталды.