Аңшылықпен айналысатындар үшін әр жануар мен құс түріне қатысты рұқсат етілген мерзімдер қарастырылған. Сондай-ақ аң-құсты арнайы бекітілген аңшылық алқаптарда ғана аулауға болады.
СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, 15 маусымнан бастап суырды аулауға рұқсат беріледі. Аңшылық жануар қысқы ұйқыға кеткенше дейін жалғасады.
Терісі бағалы аңдарға, мәселен ондатрға аңшылық осы жылдың 1 қазанында басталып, 2027 жылғы 15 ақпанға дейін созылады.
Ал қарсақ, түлкі, дала күзені, ақкіс, аққалақ және қоян аулауға 1 қарашадан 15 ақпанға дейін рұқсат етілген. Ал аңшы иттер және қыран құстарды пайдаланған жағдайда бұл аңдарды аулау маусымы 15 қазаннан басталады.
Өзен құндызын аулау 15 қыркүйектен 30 қарашаға дейін рұқсат етіледі.
Құстарға келер болсақ, 1 шілдеден бастап балшықшы құсына аңшылық маусымы басталады. Ол 30 қарашаға дейін жалғасады.
Бөдене мен көгершінді 20 тамыздан 30 қарашаға дейін атуға рұқсат берілмек. Ал аңшылыққа иттер мен қыран құстарды қосқан жағдайда бөдене аулауға 15 шілдеден құстар жылы жаққа ұшып кеткенге дейін рұқсат етіледі.
Қаз, үйрек және қасқалдаққа аңшылық тамыз айының соңғы сенбісінен, яғни 29 тамыздан басталып, 30 қарашаға дейін жалғасады.
Кекілікті аулауға қыркүйек айының алғашқы сенбісінен, яғни 5 қыркүйектен бастап шығуға болады, аңшылық мерзімі 30 қарашада аяқталады.
Құрға аңшылық та 5 қыркүйектен басталып, 15 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал аңшы иттер мен қыран құстарды пайдаланған жағдайда құр аулау маусымы 15 тамыздан ашылады.
Бұдан бөлек борсық аулау мерзімі 1 қыркүйек пен 15 қараша аралығын қамтиды.
Жанат тәрізді итке аңшылық 1 қыркүйекте басталып, қысқы ұйқыға кеткенше жүргізіледі.
Қабан аулау маусымы 5 қыркүйектен басталып, 31 желтоқсанда аяқталады.
Сібір елігінің, маралдың және бұланның аталықтарын 15 шілдеден аулауға, аналықтары мен төлдерін 15 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында ғана атуға рұқсат берілген.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттарының киік санын реттеу мәселесін аңшылық қожалықтарға да беру ұсынысына Үкімет қарсылық танытқанын жазған едік.