СҚО-да Антикордың араласуынан кейін су тарифі төмендеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Асанов елді мекенінде тұрғындар бір текше метр суды мың теңгеге сатып алып келген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет араласқаннан кейін су бірден 6 есе арзандады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Сергей Перовтың айтуынша, өңірдің 224 ауылы «Есіл су» топтық су құбырынан ауызсу алып отыр. Олардың 50-інде тариф 16%-дан 87%-ға дейін төмендетілді.

«М.Жұмабаев ауданының 20 елді мекенінде су тарифі орта есеппен 150 теңгеге төмендеді. Бұл ауданда облыстағы ең жоғары тарифтер тіркелді. Мәселен, Қарақоға ауылында, Чистое елді мекенінде 375 теңге, Хлебороб ауылында 400 теңге болды.

Қызылжар ауданы Асанов ауылында судың бір текше метрі тұрғындарға 1 000 теңгеге сатылып келген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін аудан әкімі Булаев топтық су құбырынан тарату желісін салу жөнінде шаралар қабылдады. Ал қазіргі тариф 6 есеге жуық төмендетілді. Қазір 1 м³ су 175 теңге тұрады», - дейді Сергей Перов.

Департамент басшысының айтуынша, ведомство ұсынысымен облыс әкімі табиғи монополиялар субъектілерін «тікелей» субсидиялау арқылы «Бір ауыл – бір тариф» пилоттық жобасын іске қосу туралы шешім қабылдады.

Нәтижесінде ауызсу өңір тұрғындарының барлығына тең дәрежеде қолжетімді болмақ.