СҚО-да ара шаққан ер адам өлім аузынан қалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 62 жастағы ер адамды ара шағып, жансақтау бөліміне түсті.
Петропавл қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасының мәліметінше, ер адам емдеу мекемесіне жеткізілген кезде қан қысымы 80/40 болған. Ол тоңып, қалтырап, әлі құрып, басының айналғанына және ара шаққан жердің қызарып кеткеніне шағымданған.
Сырқаттың айтуынша, ол досының омартасына барғанда ара шаққан. Жәндіктің бізгегін өзі алып тастаған, бірақ көп ұзамай денсаулық жағдайы қиындай түскен.
Медицина қызметкерлері анафилактикалық шоктың белгілерін танып, жедел жәрдем шараларын қабылдады: ер адамға бірден адреналин мен гормондар егілді, кезекші реаниматолог шақырылды. Сырқат реанимация бөліміне шұғыл жатқызылды.
- Ер адам басында ауруханаға жатудан бас тартты, алайда оған бұл жағдайдың қауіптілігін түсіндіріп, жатуға көндірдік. Қазір жағдайы тұрақталды, терапия бөліміне ауыстырылып, ем алып жатыр. Ара шаққаннан аллергиялық реакция беріп, сырқат анафилактикалық шок алған. Бір ғана жәндіктің шаққаны өмірге қауіп төндіретін реакция беруі мүмкін. Сондықтан алғаш белгілер пайда болған жағдайда уақыт жоғалтпай, жедел жәрдем шақырыңыз, - дейді аурухана дәрігерлері.
Бұған дейін СҚО-да медбике екі баланың өліміне қатысты сотталғанын жазған едік.