- Аталық без қатерлі ісігі - ерлердің ауруы. Бұл обырдың пайда болуының нақты себебі бар ма?
- Қандай обыр болмасын оның пайда болуының нақты себебі анықталмаған. Десек те аурудың дамыуына ықпал ететін факторлар болады. Мәселен бұл қатерлі ісік 45 жастан асқан ер адамдарда пайда болу мүмкіндігі зор, әр он жыл сайын дертпен ауыру қаупі арта түседі. Ұлдарда сирек кездеседі. Тұқымқуалаушылық та әсер етеді. Егер де ер адамның жақын туыстары аталық без обырымен ауырса, бұл дертпен ауыру мүмкіндігі екі есе артады. Аталық бездің түспеуі немесе түрлі инфекциялар аурудың дамуына ықпал етуі мүмкін. Дұрыс тамақтанбау, майлы тамақтарға басымдық беру де ауруды тудыруы мүмкін.
- Ауруды алдын ала анықтау мүмкін бе? Қандай белгілері бар?
- Аталық без қатерлі ісігі бастапқы кезеңінде білінбейді. Кейде ауру симптомдарсыз өтуі мүмкін. Әдетте науқастар ауруды асқындырып барып келеді. Егер де аурудың белгілері байқалмай тұрып обыр бастапқы кезеңінде анықталған жағдайда сырқатты толық емдеп жазуға болады. Белгілері – аталық бездің ұлғаюы, ісінуі, жайсыздық, ауырсыну. Арқа немесе іштің төменгі жағында ауырсыну болады. Ерлердің кеуде безінің ұлғаюы. Ісік өсіп, басқа ағзаларға – өкпеге, жамбас қуысындағы ағзаларға, арқаға, тіпті миға да көшуі мүмкін.
- Симптомдары болған жағдайда обыр қандай әдістермен тексеріледі? Қандай анализдер тапсыру керек?
- Қашан да аурудың алдын алған жөн. Сондықтан да әр адам денсаулығына немқұрайлы қарамауы тиіс. Аталық безді өздігінше қарап отырған дұрыс. Ағзасында қандай да бір өзгерісті байқаса дереу дәрігерге барып тексерілу қажет. Ең алдымен аталық без арнайы антигенге көктамырдан қан талдауы алынады. Бұл – қан құрамында болатын ерекше ақуыз. Оны аталық без жасушалары бөледі. Егер ол белгілі деңгейден көп болса науқаста простатиттің, қатерсіз гиперплазияның немесе аталық без обырының болғаны. Мұндайда уролог маман тексереді. Сондай-ақ аталық безден биопсия алынуы мүмкін. Есте сақтаңыздар, сраптаманы аш қарынға жасайды, соңғы тамақ ішу мен қан анализін тапсырғанға дейін 8 сағат өтуі тиіс.
Трансректальды ультрадыбыстық зерттеу, простата массажы, цистоскопия немесе қуық катетеризациясынан кейін бір аптадан кейін ғана қан талдауы жасалуы қажет. Аталық без биопсиясынан кейін кем дегенде бір ай өтуі керек. Сондай-ақ қан тапсырар алдында 1-2 күн бұрын жыныстық қатынастан бас тартқан жөн.
Аталық бездің қатерлі ісігі – қатерлі ісіктің сирек кездесетін, бірақ емдеуге келетін түрі. Ол хирургиялық жолмен қатерлі ісік безін алып тастау арқылы немесе радиациялық терапия арқылы - рак клеткаларын зақымдау және жою үшін және химиатерапия - ісік жасушаларын өлтіру немесе олардың өсуін тоқтату үшін дәрілерді қолдану арқылы емделеді.
- Елімізде қатерлі ісік ауруларын ерте бастан анықтау үшін скринингтер өткізіліп келеді. Аталық без обырына қарсы скринингтен кімдер өтуі тиіс?
- Қазақстанда 2013 жылдан бері аталық без қатерлі ісігіне скрининг кезең-кезеңмен енгізіліп келеді. 50, 54, 58, 62 немесе 66 жастағы ер адамдар тұрғылықты жері бойынша емханада, туған жылы бойынша өтуі тиіс.
- Қатерлі ісіктің алдын алу жолы бар ма?
- Жануарлар майларын аз тұтыну, майлы тағамдардан, кілегей, майлы кондитерлік өнімдерінен мүмкіндігінше бас тарту, микроэлементтер мен дәрумендерді, соның ішінде каротиноидтар, ретиноидтар, С, D және Е дәрумендерін, кальций, селен минералдарын және фитоэстрогендерді жеткілікті мөлшерде қабылдау қажет. Жемістер мен көкөністерді жеткілікті мөлшерде тұтыну, яғни күнделікті рационда кемінде 400 грамм жеміс-жидек болуы тиіс. Сондай-ақ көбірек қозғалып, белсенді өмір салтын ұстанған жөн.
- СҚО-да аталық без қатерлі ісігімен қанша адам ауырады?
- Бұл сирек кездесетін обырдың түрі, дегенмен былтыр өңірде 66 адамға алғаш рет осындай диагноз қойылды. 12 адам ауырып қайтыс болды. Жалпы дерттің бұл түрінен 423 адам диспансерлік есепке алынған.
- Рахмет!