СҚО-да атбегілер әулеті бәйге баптауды ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылындағы Махатовтар отбасының тұрмысы жылқымен біте қайнасқан. Шаңырақтағы әр бала — шабандоз, ал ұлттық ойын көкпар — салтқа, бәйге — өмір мәніне айналған.
Таңғы сағат сегізден бұл отбасында қызу тірлік басталады. Өйткені қорадағы жаратылып тұрған сәйгүліктер ерекше күтімді қажет етеді.
Еңбекті сүйетін әулет бұл кәсіпті бірнеше буыннан бері жалғастырып келеді.
— Таңертең жылқыларға жем-су, шөбін береміз. Рационында дәрумендердің болуы маңызды. Сәбізді сүйіп жейді. Түске қарай шығарып, жуамыз, құйрық-жалын тараймыз. Көк шөпке шалдыртамыз. Ал ыстық қайтысымен мініп, жаттығамыз. Қыста күтімі басқаша, семіртіп, көктем шыға ат спорты маусымына дайындаймыз, — дейді Әділхан Махатов.
Әділхан — шаңырақтағы екінші ұл. Ол бүгінде атбегілік пен шабандоздықты қатар алып жүр.
— Браслетті құлын кезінен баптап, өсіріп жатырмын. Екі жасынан бәйгеге қатыстырып, үмітімді ақтады, үнемі 1-2 орын алып жүрді. Енді көкпарға бейімдеуді бастадым. Қазір, Алла жазса, төртке келді, былтыр Шымкентке бардым осы айғырмен. Қазір Алматыға баруға дайындалып жатырмын. Жылқы мен адамның мінезі ұқсас, кейде осқырынып, көңіл-күйі болмай тұрады, оған да қарау керек. Ал, жалпы, бұл тұлпарым көпқырлы деуге болады. Көкпарда шабуылға да, қорғаныста да пайдалануға болады, — дейді Әділхан.
Шыңғысханның жасы 14-те. Бес жасынан ат жалын тартып мінген жасөспірімнің түрлі жарыстарға қатысып жүргеніне биыл алтыншы жыл.
— Бұл — Көкмоншақ, рысак пен англо-арабтың тұқымы бар мұнда. Ол өте жүйрік, әрі қорықпайды. Көкпарда серке алсаң жеткізбейтін айғыр. Мінезі тентектеу, билейді де. Екі жасында Петропавлда өткен аламанда екінші орын алды. Менің ең бірінші бәйгем облыс орталығында болды. Сол жолы 4-ші орын алдым. Ең үлкен бәйгем Астанада болды, онда үшінші орын алдым «Жұлдыз» деген сәйгүлікпен, — дейді Шыңғысхан Махатов.
Махатовтар отбасының жарыстарға баптап отырған жиырма шақты сәйгүлігі бар.
— Екі-үш атым жарыстан келді, екі-үш күн ғана болды. Ұлттық спорттан Аққайың ауданында облыстық спартакиада болып, біздің команда бас жүлдені жеңіп алды. «Алауқасқа» деген жылқыны қыста ғана сатып алды, оны да көкпарға қосамын. Енді сырттан сатып алуды тоқтатамын. Өзім қазір міне қоймаймын. Үлкен балам мінеді. Бүгінде өз құлындарымды алып жатырмын, айғырларым таза қанды, ағылшын тұқымды, — дейді отағасы.
Рамазан Махатов — облыстың көкпардан аға жаттықтырушысы.
Қажымұқан атындағы ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аудандық филиалында балаларды ұлттық ойынның қыр-сырына жаттықтырады.
— Көкпар тек спорт емес, рух сынға түсетін сәт. Тізгін ұстаған бала — ертең жауапкершілік арқалауға дайын азамат. Менің тобымда қазір 18 бала бар. Ішінде мен деп беріліп, көкпар шабатын 5-6 ғана бала бар. Көкпар деген өте қауіпті спорт қой, ата-аналары көбінесе қорқады. Балаларды алысқа жібергілері келмейді. Басқа спортпен кейбіреулер салыстырады бұл көкпарды. Футболды, волейболды алыңыз, спортшы сөмкесін алды да кетті. Біз жарысқа барсақ сөмкеміз бар, балалардың киімі, оның ер-сайманы бар және атты сүйрейміз ғой. Шымкентке, Қызылордаға дейін үш-төрт тәулік жүріп барған кездер болды. Жекеменшік аттарымыз жолда ауырып, көміп кеткен кездеріміз де болды. Өте қиын спорт. Сөздің шыны керек, кішкене қалып келеміз. Біз ортада жүрміз қазір. Ал негізі төрттікке, бестікке кіргенбіз. Біздің жақта қолдау деген аз ғой, басқа оңтүстік өңірлерге қарағанда, онда демеушілер көп. Аттар өте қымбат. Кішкене қолдап жіберсе, тырмысамыз, көбіне шамамыз келмей жатады қаражат жағынан, — дейді Рамазан Махатов.
Үйдің кенжесі — Темірлан, төрт жасқа толды. Ағалары атқа қонғанда бүлдіршін велосипедін мініп шығады.
Ата кәсіпті ұлықтап, ұлттың болмысқа адал болу — әр қазақтың борышы. Үйелмен тек ат баптап, көкпар шаппайды. Бие сауып, түтін иісі сіңген ұлттық тағам — қымызды да дайындайды.
— Қазір балаларға ұлттық тәрбие ауадай қажет. Алла берген төрт ұлымыз бар. Ересектері көмектеседі, күбі піседі, бие сауады. Сиыр сауамыз бәріміз. Ірімшік, қоспа, май дайындап, сатамыз. Құрт сатамыз. Біздің бұрынғы ұлттық дәстүрлеріміз, бәрін сақтаймыз, бәрін қолмен жасаймыз. Дастархандағы тағам — бәрі өзіміздікі — үйдікі. Құс ұстаймыз, жұмыртқа өзіміздікі. Қаз ұстаймыз, бау-бақша егеміз. Біз бәрін отбасы болып бірге істейміз. Бала-шағам көмектеседі, жолдасым көмектеседі. Бәріміз бірігіп істейміз. Бөліну жоқ, — дейді отанасы Гүлнар Махатова.
Бұған дейін церебралды сал диагнозы болса да, қоғамда белсенді азаматтық ұстанымы бар петропавлдық Ақжан Кәрім туралы жазған едік.