«Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиалының мәліметінше, өңірде ауа райына байланысты алдағы үш тәулікке ескерту жарияланды. Бұл күндері көп мөлшерде қар жауып, шығыс пен солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы 23-28 метрге жетеді. 12 қаңтар күні түнде ауа температурасы 22-27 градусқа дейін төмендесе, ал күндіз 19-24 градус аяз болуы ықтимал.
«12 қаңтар күні желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетеді. Ал 13-14 қаңтар күндері облыс температурасы Салехардтан келген антициклонмен араласып, аязды күндер басталады. 13 қаңтарда түнде кей жерлерде қар көп жауып, ауа температурасы түнде минус 25-30 градус болса, күндіз 23-28 градус аяз күтілуде. Солтүстік-шығыстан соққан желдің күші секундына 9-14 метрге дейін жетеді. Ал 14 қаңтар күні кей жерлерде тұман, түнде минус 29-34 градус, күндіз 23-28, кей жерлерде 31 градусқа дейін аяз болады», - дейді «Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы Гүлзат Ғазизова.