СҚО-да аудандық маңызы бар жолдар шамамен 600 км-ге қысқарды

Фото: Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында былтыр жергілікті маңызы бар 700 км жолда жөндеу жүргізілуі тиіс болса, соның 480 шақырымында жұмыс аяқталды.  

СҚО жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхметтің айтуынша, 1 км жол жаңадан төселді, 46,8 км күрделі, қалғанында орта жөндеу жұмысы жүргізілді.

«Елді мекендердегі көше жолдары да ретке келтіріліп жатыр. Былтыр 40 ауылда жұмыс басталып, жыл соңына дейін 38-інде аяқталды. Нәтижесінде 80 мың тұрғын бұл істің игілігін көреді. Петропавлда да алғаш рет ауқымды жұмыс жүргізіліп, 58 км құрайтын 47 көше жөнделді», - дейді Мақсат Баяхмет.

Елді мекендердің қысқаруына байланыстыСҚО-да аудандық маңызы бар автожолдарға есеп жүргізілді. Нәтижесінде ол 580 км қысқарып отыр.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл жұмыс 2025 жылға дейін жалғасады. Осылайша тағы 400 км қысқарту жоспарда бар.

Аудандық маңызы бар жолдың ұзындығы бұған дейін 5043 км болса, қазір ол 4463 км құрайды.

«Атқарылған жұмыстың нәтижесінде облыстағы жолдардың 72 % нормаға сай келеді. Биыл жергілікті маңыздағы 570 км жолда және көшелердегі 67,9 км жолда жөндеу жүргізіледі. Бірнеше ірі жоба қолға алынады, яғни Благовещенка-Қайранкөл, Смирнов-Тайынша және Покровка-Мектеп жолдары күрделі жөнделеді», - дейді басқарма басшысы.