СҚО-да ауыл әкімі 4 млн теңгеге сапасыз көшет алған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Мемлекеттік қызмет талаптарын бұзған Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауылдық округінің әкімі Мақсат Нурикеновтің ісі тәртіптік кеңесте қаралды.
Прокуратура ұсынған материалдарға сәйкес, 2025 жылғы 5 қарашада ауылдық округ әкімдігі мен «Жасыл Орман» жеке кәсіпкерлігі арасында мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасалған. Келісім бойынша 100 мың дана қылқан жапырақты көшет сатып алуға 4 млн теңге бөлінген.
Тексеру барысында бірқатар заң бұзу анықталған. Атап айтқанда, көшеттерді қабылдау сенімхат берілмеген тұлға арқылы жүргізілген. Сондай-ақ, тауар сапасын растайтын — сәйкестік сертификаттары, фитосанитарлық анықтамалар, шығу тегі туралы мәліметтер және басқа да құжаттар ұсынылмаған. Соған қарамастан, былтыр 19 қарашада жеткізушіге 4 млн теңге толық көлемде төленген.
Прокуратура жүргізген визуалды тексеру нәтижесінде отырғызу материалының сапасы талапқа сай келмейтіні анықталған. Көшеттердің діңдері қисық, бүршіктері толық қалыптаспаған, сондай-ақ түрлі зақым белгілері байқалған. Мұны «Зверяченко Т.С.» жеке кәсіпкерлігі жүргізген зерттеу қорытындысы да растады. Зерттеу барысында бес көшет алынып, олардың тамыр жүйесі талапқа сәйкес келмейтіні, ал біржылдық көшеттердің бүршіктері толық жетілмегені және аяздан зақымданғаны белгілі болды. Осылайша ұсынылған көшеттердің бірде-бірі техникалық талаптарға сай емес деп танылды.
Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, мұндай сападағы көшеттер орманды қалпына келтіру және көгалдандыру жұмыстарына жарамсыз.
Қызметтік тексеру барысында ауыл әкімі Мақсат Нурикенов көшеттерді тиісті құжаттарсыз қабылдап, төлем жасағанын мойындады.
Осылайша, оның әрекеттерінен шешім қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға негізсіз артықшылық беру фактісі болған.
Мақсат Нурикенов бұл қызметке 2023 жылғы 28 қарашада тағайындалған. Бұған дейін тәртіптік жазаға тартылмаған.
Бұған дейін Қызылордада қылмыстық қудалау органдарының 404 қызметкері тәртіптік жазаға тартылғанын жазған едік.