СҚО-да ауыл балаларына диқаншылықтың қыр-сырын мектептен үйретпек

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында агросыныптар ашылады.

Фото: СҚО білім басқармасы

Бұл сыныптарда ауыл шаруашылығына қызығушылық танытқан балалар оқып, заманауи агротехнологиялармен танысып қана қоймай, болашақ мамандығын ерте бастан саналы түрде таңдауға мүмкіндік алады.

Фото: СҚО білім басқармасы

СҚО білім басқармасының мәліметінше, жаңа жобаның іске қосылуы қазан айына жоспарланған. Қазіргі уақытта дайындық жұмысы қызған.

— Білім басқармасының бастамасымен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің агротехнологиялық факультетінде аудан мектептерінің мұғалімдерімен кездесу өтті. Қатысушылар агросыныптардың дамуы, бағдарламалардың мазмұны, практикалық дайындық мүмкіндіктері және одан арғы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Бұл пилоттық жоба Қазақстан Республикасында Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарына енген. Оқушылар жаңа оқу жылында облыстың 7 ауданында «Агрономия/өсімдік шаруашылығы» және «Мал шаруашылығы» бағыттары бойынша агросыныптарда білім алады, — дейді басқарма өкілдері.

Фото: СҚО білім басқармасы

Жаңа жоба жергілікті университеттің агротехнологиялық факультетімен және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен жүзеге асырылады. Әріптес ұйымдар шеберлік сыныптарын, өндірістік экскурсияларды, практикалық сабақтарды өткізуді, тәлімгерлікті, мамандардың білім беру процесіне қатысуын қамтамасыз етпек.

Бұған дейін елімізде биылғы 1 қыркүйектен бастап шағын жинақты мектептерге жасанды интеллектіні енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылғанын жазған едік.