СҚО-да ауыл тұрғындарының арасында қан айналым жүйесі аурулары бірінші орында тұр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі уақытта тұрғындарға он көшпелі медициналық кешен қызмет көрсетіп келеді.

Фото: ҚР ПІБ

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, мобильді медициналық бригадалар 120 елді мекенге барып, Айыртау, Ақжар, Қызылжар, Жамбыл, Тайынша, Уәлиханов аудандарының, сондай-ақ Ғабит Мүсірепов пен Шал ақын аудандарында 15 мыңнан астам тұрғынды медициналық тексеруден өткізді.

Бұдан бөлек, Аққайың, Тимирязев, Есіл, Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандарымен де қызмет көрсету жөнінде келісімшарттар жасалған.

- Үш ай ішінде көшпелі медициналық кешеннің бейінді дәрігері 4 мыңнан астам консультация өткізді, 12 мың медициналық зерттеу жүргізді. Тексеру барысында дәрігерлер 660 тұрғыннан түрлі ауруларды анықтап, бұл жалпы тексерілгендердің 4,3 пайызын құрады. Сондай-ақ 73 адам диспансерлік есепке алынды, - дейді мамандар.

Анықталған аурулардың ішінде қан айналымы жүйесі аурулары бірінші орында тұр, тексерілгендердің 20% анықталған. Сондай-ақ, балалар арасындағы аурулар - 13,5%, қант диабеті - 2,6%, ал глаукома - 0,4% құрады.

Мамандардың айтуынша, көшпелі медициналық кешендер шалғай ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету үшін қолданылады. Бұл аурулардың алдын алуға және оларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Қызылорда тұрғындары медициналық қызмет сапасына жиі шағымданатынын жазған едік.