СҚО-да ауыл тұрғынынан 500 литрге жуық спирттік өнім тәркіленді

Фото: Фото: видеодан алынған скрин

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік полицейлер жедел-профилактикалық іс-шара аясында заңсыз алкоголь сату фактісін анықтады.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Есіл ауданындағы ауылдардың бірінде әйелдің өз үйінде спирттік ішімдік сататыны туралы ақпарат түскен. Тексеру үшін барған полиция қызметкерлері тұрғынның үйінен құрамында спирт бар 497 литр өнім, яғни 687 бөтелке сыра және бес литрлік 29 бөтелкеге құйылған лицензияланбаған арақ тәркіледі. Сонымен бірге акцияздік маркасы жоқ 409 қорап темекі алынды.

Тиiстi тiркеусiз кәсіпкерлік қызметпен айналысу фактісі бойынша әкімшілік материал жиналып жатыр. Ауыл тұрғынына айыппұл салынуы мүмкін.

«Учаске» ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы 16 қыркүйектен бастап өтіп жатыр. Осы уақыт аралығында солтүстікқазақстандық полицейлер алкогольге қарсы заңнаманың 1700-ден астам түрлі заң бұзушылығын анықтады.

Ал жыл басынан учаскелік инспекторлар алкоголь өнімдерін сатуға қатысты талаптарды бұзғаны үшін 95 адамды, алкогольді заңсыз сатқаны үшін 178 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Заңсыз айналымнан құрамында спирт бар 6 мың литрге жақын өнімдер тәркіленді.

Бұған дейін СҚО-да он айда мас жүргізушілер кінәсінен бір адам мерт болып, 24-і жарақаттанғанын жазған едік.