СҚО-да ауыл тұрғынының үйінен бір келіден астам марихуана табылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының 55 жастағы тұрғыны жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел іс-шара барысында полицейлер Мамлют ауданындағы ауылдардың бірінің тұрғынының үйін тексерді. Нәтижесінде баспанадан өзіне тән иісі бар өсімдік тектес жасыл түсті зат салынған 8 полимерлік түйіншек табылды.

Дәл осындай зат екі қағаз орамаға салынған екен.

Тәркіленген заттың жалпы салмағы - 1 келі 22 грамм. Сараптама нәтижесі оның кептірілген марихуана екенін көрсетті.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары тұрғынның үйінен мундштук пен екі пластикалық бөтелке тәркілеп алды.

«Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу барысында құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру фактісі де тексеріледі. Есірткіні аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз пайдалану үшін де 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза көзделген», – дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.

Жыл басынан СҚО полицейлері есірткі құқық бұзушылығының 27 дерегін анықтады, оның 11-і – өткізуге қатысты.