СҚО-да ауылдағы жаңа өрт сөндіру пункті маман жоқтығынан жабық тұр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында ауылдарда өрт қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 11 өрт сөндіру пункті жұмыс істеп тұр.

Фото: Төтенше жағдай министрлігі

Облыс әкімдігінде өткен жиында өңірдегі өрт қауіпті кезеңнің өту барысы талқыланды.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығы Жомарт Асқаровтың айтуынша, «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында ашылған бекеттер заманауи талаптарға сай жабдықталған. 78 ерікті өрт сөндіруші арнайы оқытудан өтіп, реестрге енгізілген. Бұл пункттер Шал ақын, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан, Есіл, Қызылжар, Тайынша аудандарында орналасып, шалғай елді мекендердегі төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп отыр.

- Биыл Уәлиханов ауданындағы Бидайық және Ақбұлақ ауылдарында, сондай-ақ Аққайың ауданындағы Токуши ауылында үш пункт жаңғыртылды. Материалдық-техникалық базаны күшейту мақсатында департаменттен 10 автоцистерна және 1 УАЗ, қажетті өрт-техникалық құрал-жабдықтар берілді, - дейді Жомарт Асқаров.

Жол картасына сәйкес биыл тағы осындай 31 бекет ашылуы тиіс. Оның 12-сі жаңадан құрылса, қалғаны жаңартылмақ. Бірақ жобаны жүзеге асыруда мәселе бар.

- Шал ақын ауданындағы Ұзынжар мен Қызылжар ауданындағы Рассвет ауылдарында жұмыс мерзімінде аяқталмаған, Қызылжар ауданының Асаново ауылында қаржы тапшылығына байланысты жоба іске аспай қалу қаупі бар.

Ал Тайынша ауданындағы Летовочное ауылында былтыр желтоқсанда ашылған пункт қызметкерлердің жоқтығына байланысты биыл сәуір айында жабылып қалған, - дейді департамент бастығы.

Бұған дейін Абай облысында өрттің алдын алуға арналған жаңа оқу-тәжірибелік кешен ашылғанын жазған едік.