СҚО-да аутизмді ерте диагностикалау мен отбасыларды қолдау жүйесін қайта қарау ұсынылды

Фото: Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында кішкентай балалардағы аутизм мен психикалық бұзылыстарды ерте диагностикалаудың тиімді тетігінің жоқтығы талқыланды. 

«AMANAT» партиясы СҚО филиалының мәліметінше, бұл мәселе мүмкіндігі шектеулі балалармен айналысатын жеке ұйымдардың басшыларының кездесуінде айтылды.

«Мой ребёнок» қоғамдық бірлестігінің басшысы Татьяна Ковалеваның айтуынша, қолданыстағы клиникалық нұсқаулар жаңартылса да, жалпы тәжірибе дәрігерлері, невропатологтар және педиатрлар кішкентай балалардағы аутизмнің белгілерін әрқашан бірден анықтай бермейді, тиісті тексерулерге бағыттамайды және ерте араласуды бастамайды.

— Бала өмірінің алғашқы жылында-ақ педиатр оның дамуындағы ерекшеліктерді байқап, шара қолдануы тиіс. Алайда, өкінішке қарай, бұл жүзеге аспай отыр. Тексеруден өтуге, мамандарға жолдама берілмейді, сауалнама жүргізілмейді. Салдарынан баға жетпес уақытты жоғалтып жатырмыз, — деді Татьяна Ковалева.

Іс-шараға жиналғандар бастапқы медициналық көмек көрсету кезінде міндетті түрде пайдаланылатын бірыңғай диагностикалық алгоритмді іске қосу туралы ұсыныс айтты. Бұл алгоритмге ата-аналармен сауалнама жүргізу және тексеру шараларының көлемін ұлғайту кіреді.

— Заңдарға өзгеріс енгізудің қажеті жоқ, бұл мәселені атқарушы органдар деңгейінде шешу керек. Бірақ іс жүзінде жағдай мүлдем басқаша. Сондықтан мәселені шешуге атсалысайық. Бұл — шешімін табатын мәселе, алайда ол мұқият талдау мен жүйелі тәсілді қажет етеді. Кадрлар, әдістемелер және диагностикалық құралдар бойынша да сенімді негіз болуы маңызды, — деді «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова.

Жиынға қатысушылар балаларына алғаш рет диагноз қойылған ата-аналардың да көптеген мәселемен бетпе-бет келетінін айтты. Осыған байланысты «Көмек» орталығының жетекшісі Ғалия Баязитова аймақта ерекше балалары бар ата-аналарға арналған арнайы қолдау мектебін ашуды ұсынды.

— Диагноз қойылғаннан кейін көптеген ата-анада қорқыныш пайда болып, өзін кінәлайды, ақпараттың аздығынан не істерін білмей қалады. Бірі жұмысынан шығып кетеді, бірі отбасынан кетіп қалып жатады. Бізге жүйелі, қауіпсіз және қолдайтын орта қажет, — деді Ғалия Баязитова.

Бұған дейін дәрігерлер аутизмді ерте анықтаудың маңызы жайында айтқан еді