Облыста 27 тамыз аудандық маңызы бар қала және ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы өтеді. СҚО сайлау комиссиясының мәліметінше, әкім сайлауы өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты – Айыртау, Ақжар, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы, Тайынша, Тимирязев, Шал ақын аудандарында, ал әкімдер өкілеттіктерінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты – Айыртау, Аққайың, Есіл, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы, Тимирязев, Шал ақын аудандарында болады.
Сайлауға түсуге барлығы 109 кандидат ұсынылды: олардың 28-і – саяси партиялардан, соның ішінде 24-і – «AMANAT» партиясынан, 2-еуі – «АУЫЛ» ҚХПП, 2-еуі – «Ақ жол» ҚДП және 81адам – өзін-өзі ұсыну жолымен құжаттарын тапсырды.
Алайда, 101 кандидат тіркелді. 6 кандидат ҚР мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеді.
Бұдан басқа, Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық сайлау комиссиялары қажетті құжаттарды ұсынбағандықтан, 2 кандидатты тіркеуден алу туралы шешім қабылдады.
Қазіргі таңда барлық үміткерлердің құжаттары арнайы тексеруге жіберілді. Тіркелген кандидаттар куәлік алып, сайлау бюллетеніне енгізілді.