СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тілеген Қаскин аудандық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдеріне 218 кандидаттың тіркелгенін хабарлады.
Әкімдіктен үміткерлердің 68-і түрлі саяси партиялардан түскен. Соның ішінде «Nur Otan» партиясынан - 57, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан - 3, «Ақ Жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан - 2, «АDAL» саяси партиясынан - 2 және Қазақстан Халық партиясынан - 4 кандидат тіркелген. Қалған 150-і өзін-өзі ұсынды.
«5 кандидат Қызылжар ауданы Бугров сайлау округінде тіркелді. Тағы 4 кандидаттан 3 сайлау округінде тіркелді. Ол Есіл ауданының Бұлақ округінде, Қызылжар ауданының Соколов округінде, Тайынша ауданының Зеленый Гай округтерінде. Тіркелген кандидаттардың 70-і әйелдер», - дейді Тілеген Қаскин.
Тіркелген 218 азаматтың барлығы да мемлекеттік кірістер органдарына активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырды және ең төменгі жалақы – 42500 теңге мөлшерінде сайлау жарнасын енгізді.
«Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес 14 шілде сағат 18:00-ден кейін үгіт жұмыстары басталды. Ол 24 шілде сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Үгіт материалдарын орналастыру үшін 80 арнайы орын бөлінді. Сайлаушылармен кездесу үшін 68 үй-жай бөлініп, тиісті кесте белгіленді», - дейді комиссия төрағасы.
Аумақтық сайлау комиссиялары кандидаттардың 356 сенім білдірген адамдарын тіркеді, олар сайлау науқанын өткізуге көмектеседі және сайлау алдындағы үгітті жүргізеді.
Бұған дейін СҚО-да ауыл әкімдерінің сайлауына қатысатын қоғамдық байқаушылардың жұмысын үйлестіру мақсатында штаб құрылғанын айтқан едік.