СҚО-да ауыл мектебі 250 млн теңгеге заманға сай жарақтандырылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Кішкенекөл ауылындағы №2 орта мектеп «Ауылдық жерлерде тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» атты республикалық жобаға енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдан 340 км шалғай жатқан Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылындағы №2 орта мектеп «Қазақстан халқына» қоры, «Білім беруді тұрақты дамыту» қоры мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің бірлескен жобасы аясында танымастай өзгерді.

Бұл білім ордасы «Ауылдық жерлерде тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы аясында ел бойынша жаңартылатын 17 ауылдық мектептің қатарына енді. Жалпы бір мектепті жаңғыртуға 250 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген.

«Еліміздегі білім беру саласында екі үлкен мәселе бар. Алғашқысы – аймақтық ерекшелік болса, екіншісі – қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтық. Бұған, әрине, себеп көп. Оны өткен тарихпен, қазіргі кезде урбанизациямен байланыстыра аламыз. Білім беруді тұрақты дамыту қоры мектепті тек материалдық тұрғыда емес, әдістемелік тұрғыда да қолдайтынын айтты. Бұл жерде рухани қолдау, қызметкерлер мен оқушыларды жігерлендіру де барын айта кеткен жөн. Қордағы әріптестермен бірге осы Кішкенекөлдегі мектепті таңдадық. Өйткені бұл – облыстағы ең шалғай жатқан ауыл. Осылайша, ауылдың дамуына күш беріп, халықтың қайта алға басуына жағдай жасағымыз келді. Жаңа жабдықтар, дұрыс таңдалған әдістеменің нәтижесін көріп отырмыз. Ендігі кезекте білікті мұғалімдердің көмегімен оқушыларға келешекте өз орнын табуға жол ашамыз деп сенеміз», – дейді СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.

Нәтижесінде 500-ден астам оқушысы бар №2 Кішкенекөл орта мектебінің материалдық-техникалық базасы заманға сай жарақтандырылды. Ғасырлық тарихы бар білім ордасындағы көне құралдардың орнын заманауи жабдықтар басты. Қазір мектепте жалпы 32 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберханалары - STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия, оқушыларға арналған коворкинг аймағы бар кітапхана бар.


«Біздің мектебімізде жаңа өзгерістер болып жатыр. Технология кабинеті көптеген жаңа құрал-сайманмен жабдықталды. Оқушылар бүгін сабақ барысында ағаш өңдеу тақырыбын өтіп жатыр. Балалар тапсырманы қызыға орындайды. Бұл жерде керек құрал-сайманның бәрі бар», - дейді мектеп мұғалімі Қуаныш Нартайұлы.

Жобаның аралық қорытындысымен танысуға аудан тұрғындары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, БАҚ өкілдері мен жоба серіктестері, демеушілері қатысты. Іс-шарада оқыту бағдарламасының нәтижесі айтылып, мектептің жаңарған материалдық базасы көрсетілді.


Фото: Білім беруді тұрақты дамыту қоры