Аймақ басшысы 2020 жылы әлеуметтік сала шығындары ұлғаятынын еске салды. Білім беру саласына бөлінетін ақша 46%-ға артқан.
«Мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. 2019 жылы облысымыздың білім беру нысандарының 40 %-ына жөндеу жүргізілді. Келесі жылы да жалғасатын болады. 3 мрлд теңге бөлдік. Егер республика бойынша салыстыратын болсақ, жөндеу жұмыстары жүргізілетін білім беру нысандарының көп бөлігі біздің облыста деп нақты айта аламын», - деді облыс әкімі.
Ол ауыл мектептеріне балалардың қатынау мәселелері туралы айтып өтті. 44 автобус жетпейді.
«Біз қаражат жинадық, келесі жылы қажетті 44 автобустың 33-ін сатып аламыз», - деп нақтылады Қ.Ақсақалов.
2020 жылы колледждерді жабдықтауға 1,3 миллиард теңге бөлінеді. Төрт колледжге станоктар, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынады.