СҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы басымдықты жобалар картасы таныстырылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы басымдықты жобалар картасы таныстырылды. Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімдігінің отырысы күн тәртібіне бірқатар маңызды мәселелер енгізілді: ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу картасын бекіту, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының қорытындылары, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен есепті кездесулерін өткізу қорытындылары және білім мекемелері жұмысының нәтижелері.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров 2016-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу картасын таныстырды және бұл бағыттағы жұмыстың перспективалары туралы әңгімеледі.

Карта ауқымында 138,5 млрд. теңгеге 3341 жұмыс орнын құра отырып, 60 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оған сүт өңдеу жөніндегі 19 жоба, ет өңдеу бойынша - 16, ұн өндіру және астықты тереңдете өңдеу жөніндегі - 7, макарон өнімдерін шығару жөнінде - 3, майлы дақылдарды тереңдете өңдеу жөніндегі - 5 және ас тұзын, балық, жүн, тері шикізатын, қантты өндіруге бағытталған 10 жоба және жылыжай кешені енгізілген.

«Жоспарланған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде облыстағы тамақ және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өндірістік қуаттарының орташа жылдық жүктемесі 80-85 пайызға дейін ұлғаяды», - деді Айдарбек Сапаров.

Облыс әкімдігі отырысына қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу картасын бірауыздан бекітті. Өңір басшысы, өз кезегінде, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасына тоқсан сайын ақпарат ұсына отырып, картаны жүзеге асыруға сапалы мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

СҚО ҚХА жұмысының қорытындылары туралы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов айтып берді.

Өңір басшысы облыстық ҚХА-ға аймақта тұратын ұлыстардың мәдениетін, тарихын және дәстүрлерін сақтау жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

«Ассамблея ұлысаралық қатынастарды одан әрі нығайтуда көшбасшылық рөлді қолына алуы тиіс», деп атап көрсетті Ерік Сұлтанов.