СҚО-да ауыл шаруашылығы саласында 82 млрд теңгенің жобалары қолға алынды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласында 82 млрд теңгенің 31 жобасы қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 31 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы инвестиция көлемі 81,9 млрд теңге. Нәтижесінде 1 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

31 жобаның 17-сі – 12,8 мың басқа арналған сүт-тауар фермалары. Инвестицияның жартысы осы жобаларды іске асыруға жұмсалады. Осылайша қосымша 64 мың тонна сүт өндірілмек.

Ірі жобалардың тағы біреуі – 1,5 мың басқа арналған қой фермасы.

Бұдан басқа 10,9 млрд теңгеге 16 мың тонна ет өндіретін үш құс фермасы салынады.

6 жоба 150 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік бермек. Осы мақсатқа 5,7 млрд теңге жұмсалмақ.

Болашағынан үміт күттірген жобалардың бірі – жылыжай кешені. Оның құрылысына 7,2 млрд теңге жұмсалып, жылына 2,8 мың тонна өнім өндірілмек.

Тағы екі жоба 500 га алқапты суаруға қатысты.

«Биыл Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда мега-ферманың бірінші кезеңі іске қосылды.

Бұл жоба мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асты, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1,2 млрд теңге қондырғы мен мал сатып алуға берілді. Электр желілері мен су тартылды.

:обаны жүзеге асырған кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігін атап өткім келеді. Ол жұмыс орындарын ашумен қатар, үнемі ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуды да естен шығармайды. Шаруашылықтың есебінен жаңа баспаналар салынды, елді мекенге газ тартылды. Мемлекет өз тарапынан бұл ауылға апарар жолды 237 млн теңгеге күрделі жөндемек», - дейді Марат Тасмағанбетов.