СҚО-да ауыл шаруашылығы саласының 60 жұмысшысы марапатталды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Ауыл шаруашылығы жұмысшылары күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.



СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің өкілдерін мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласының Солтүстік Қазақстан облысының экономикасын дамытудағы зор маңызын атап көрсетті.



«Солтүстік Қазақстан - топырағы аса бай өлке. Алдын ала мәліметтерге орай, биыл ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 26 млрд теңгеге жетті, ал сыртқы сауда айналымы 30%-ке артты. Егістік алқаптарын диверсификациялау/әртараптандыру бойынша көп жұмыстар атқарылды. Майлы дақылдардың алқабы ұлғайды. Дәнді-бұршақты дақылдар 2 есе үлкен алқапқа егілді. Гектарынан 18,2 центнер, жалпы 5,6 млн тонна астық жинадық», - деді облыс әкімі.



Құмар Ақсақалов өңірде еңбек өнімділігінің артқанына тоқталды.



«Республикамызда еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 1,7 млн теңгені, ал біздің облыста 2,3 млн теңгені құрайды. Меніңше, бұл да әлі шарықтау шегі емес, бұл көрсеткішті кем дегенде 3,5-4 млн теңгеге дейін жеткізуге болады. Облыста еңбек өнімділігі 10 млн теңгеден асатын әлемдік деңгейдегі шаруашылықтар жеткілікті. Алдағы уақытта олардың санын одан әрі көбейту қажет», - деді ол.

  

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің атынан Құмар Ақсақалов облыстың екі тұрғынына «Еңбек ардагері» медалін, үш жұмысшыға «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін тапсырды, он адам құрмет грамоталарымен марапатталды. Тағы да қырықтан астам жұмысшыға СҚО әкімінің алғыс хаты берілді.



«Үздік комбайншы», «Үздік механизатор», «Үздік жетекші», «Үздік сауыншы», «Үздік малшы», «Үздік - жас маман», «Өндіріс және өңдеу ісінің үздік технологы», «Үздік ауыл» аталымдары бойынша да жеңімпаздар анықталды.



Құмар Ақсақалов бес орман шаруашылығы мекемесінің басшыларына өрт сөндіру машиналарын табыстады.



Шара соңында ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаеваның қатысуымен концерттік бағдарлама тарту етілді.

  

Соңғы жаңалықтар