СҚО-да ауыл тұрғыны тағамға пайдаланатын өсімдіктің 17 түрін өсіріп отыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны «Бастау-Бизнес» мемлекеттік бағдарламасы аясында көкөніс өсіретін шағын ферма ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлют ауданының тұрғыны Олеся Селина пияз, аскөк, ақжелкен сияқты тағамға жиі қолданатын өсімдіктерді өсіруге бел буады. Мұндай өнімдердің денсаулыққа пайдасы жоғары болғандықтан, нарықта жыл он екі ай сұраныс жоғары. Көздегенін жүзеге асыруға оған «Бастау-Бизнес» бағдарламасы көмектесті.

Курстан өткен келіншектің бизнес идеясы қолдау тапты. Осылайша 3 млн теңгеге дейін грант ұтып алды. Ол ақшаға Киров қаласынан арнайы гидропоника қондырғысы сатып алынып, жеткізілді. Ал жарықтандыруды және өсімдіктерді автоматты түрде суаратын жүйені өз қаражатына орнатты.

«Ғимараттың ішінде тиісті микроклиматты қалыптастыру оңай болмады. Өсімдік өсуі үшін ылғалды ауа, бірқалыпты температура, желдету жүйесі болуы керек. Сонда ғана гидропоника қағидаты жұмыс істейді. Яғни өсімдіктер топырақсыз өсіп, тамыры қажетті құнарлы затты ерітіндіден алады.

Яғни гидропонды ферма жұмыс істеуі үшін технологияны меңгеріп, оны енгізу қажет болды», - дейді Олеся Селина.

Қазір кәсіпкер әйел тағамға пайдаланатын өсімдіктің 17 түрін өсіреді.

Олардың ішінде дайкон, редис, брокколи мен руккола бар. Ал шағын ферманың жалпы аумағы бар болғаны 25 шаршы метр.

«Бүгінде Олесяның өніміне тапсырыс жеткілікті. Петропавлдағы 12 дәмхана, мейрамханалармен байланыс орнатқан. Одан артылғанын сауда үйлеріне өткізеді. Қазіргі уақытта пандемияға байланысты қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы аздап тұралап қалды, сол себепті саудаланатын өнім көлемі де азайды. Бірақ мұның бәрі уақытша, мұндай фермалардың болашағы бар», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры.