СҚО-да автокөліктердің өртенуі жиілеп кеткен

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Жылдың басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында автокөліктегі 43 өрт тіркелген, деп хабарлайды СҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Автокөлік иелеріне тілсіздің жаудың тигізген материалдық залалы 21 млн теңгені құрады. Құтқарушылар өрт санының артып жатқандығын айтуда. Өткен жылы осы кезең ішінде 28 өрт болған. Тек ескі емес, сонымен қатар көптеген электр жабдықтарымен жабдықталған заманауи автомобильдер де отқа оранады.

«Өрттің шығуының 80%-ы автомобильдің электр сымдар жүйесіндегі ақау салдарынан болған. Жанармай жүйесінің зақымдануы салдарынан да өрт шығып жататын кездер аз болмайды. Сондай-ақ, жүргізушілер машинада өрт шыққанда оны қалай өшіру керектігін білмейді», - деп атап өтті СҚО ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Автоәуесқойлардың кейбірі көлігінде өрт сөндіретін құралды сақтамайды, ал болған жағдайда да өртті дұрыс өшірмейді немесе оны қолдануды мүлдем білмейді.

Жылдың басынан бері облыста 404 өрт болған, оның келтірген материалдық залалы 59 млн теңгені құраған. 13 адам тілсіз жаудың құрбанына айналса, 12 зардап шегуші әртүрлі деңгейдегі жарақат алған. 

Соңғы жаңалықтар