СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қостанай қаласының 56 жастағы тұрғыны Сергей есімді ер адам 2018 жылдың тамыз айынан бері Петропавлдағы колониялардың бірінде отыр. Ол 2017 жылы қатерлі ісік ауруымен ауырған әйелін құтқару үшін ұрлыққа барады. Ақша айырбастау пункттерінің біріне ұрлыққа түсіп, 350 мың АҚШ долларын қолды етеді. Алайда ер адам көп ұзамай ұсталды.
Сергейдің айтуынша, әке-шешесі құрылысшы болды, Қостанай қаласындағы көптеген әдемі ғимараттарды тұрғызуға атсалысты. Олар үнемі жұмыста болғандықтан Сережа жастайынан ойына келгенді істеді, арақ ішті, темекі шекті. Тек әскерге барып, өмірге деген көзқарасын өзгертіп қайтты.
«Жасым келгесін әскери комиссариатқа өзім барып, Ауғанстанға соғысқа сұрандым. Бірақ мені теңіз флотына жіберді. «К-93» деп аталатын сүңгуір қайықта Отан алдындағы борышымды абыроймен өтедім. Сонда спортқа деген қызығушылығым туды. Теңізге шықпаған күні 10 шақырым жүгіріп, зілтемір көтеретінмін», - деп еске алады Сергей.
1985 жылы туған қаласына оралған жігіт «Атлет» деген спорт залын ашып, сырттай институтқа оқуға түседі, зауытқа жұмысқа орналасады.
«Ол кезде «пауэр-лифтинг» жаңа шығып жатқан спорт түрі. Айналысамын деушілер көп болды. Олардың арасында жасөспірімдер де, жастар да, қыздар, тіпті, бұрынғы маскүнемдер мен нашақорлар да болды. Көпшілігі кейін спорт шебері атанды», - дейді жазасын өтеуші.
Зайыбының ауырғаны жанына батып, емдеу үшін қажет қомақты соманы ұрлаған бұрынғы еңбегі сіңген жаттықтырушы қазір қылмысқа барғанына өкінеді. 7 жыл 2 айға сотталған ол мерзімінің 2 жылдан артығын өтеді.
«Жазасын өтеуші түрлі іс-шараларға белсенді қатысады, басқаларға үлгі. Бос уақытын кітапхананың оқу залында өткізеді. Сергей Есенин – оның сүйікті ақыны. Мерзімінен бұрын шартты түрде босанудан үміті бар. Бұл жерден шыққасын сүйікті ісімен, яғни, спортпен жаттықтыру ісін жалғастырмақшы», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.
Сергейдің әйелінің жағдайы қазір қанағаттанарлық, 3-топ мүгедегі. Ерлі-зайыптының екі баласы бар. Олар «скайп» арқылы хабарласып тұрады.