Әжелер форумы Петропавлдағы аналар мектебінің ұйымдастырды. Оған облыс орталығындағы қазақ мектептерінің 6 – 11 сыныптарында оқитын оқушы қыздары қатысты.
«Бұл жиынды өткізудегі басты мақсат - ұрпақтар сабақтастығын сақтай отыра ұлттық байлығымыз салт-дәстүрді, әдет-ғұрпымызды жастардың бойына сіңіру», - дейді ұйымдастырушылар.
Іс-шараға «Қызылжар» орталық мешіті жанынан құрылған әжелер мектебінің өкілдері, облысқа танымал «Балқадиша» халықтық әжелер ансамблінің мүшелері келді. Араларындағы ең үлкені Сапура Әміреқызының жасы бүгінде 88-ге келген. Кейуана – әжелер мектебінің белсенді мүшесі. Оқу орындары, мәдени-ағарту мекемелері ұйымдастыратын түрлі кездесулерден қалмай, жастарға, соның ішінде қыздарға өнеге беретін ақыл-кеңесін айтып отырады.
«Бүгін кездесуге келіп, қуанып тұрмын. Қыздарымыз ұлттық көйлек-бешпентімізді киіп, шаштарын әдемілеп өріп келіпті. Қандай жарасып тұр. Бұрын біздің қазағымыздың той-думаны осылай өтетін», - дейді Сапура әже.
Форум барысында әжелер сөз алды, жас қыздарға ақыл саларлық өсиеттерін жеткізді. Кейін ақ дастарқан басына жайғасып, өңір өнерпаздарының концертін тамашалады.
«Бұл жерге әжелер мектебінің, аналар мектебінің және қыздар клубының мүшелерін жинадық. Сондай-ақ облыс орталығындағы қазақ мектептерінің оқушы қыздары шақырдық. Бала тәрбиесінде әжелердің алар орны зор, оны біз ұмытпауымыз керек. Әжелерді ұлықтасақ, құрмет көрсетсек, соларға еліктесек, болашақта ақ жаулықты аналарымыздың жолын жалғай алатындай болсақ деген ниетіміз бар», - дейді аналар мектебінің мүшесі Зәуреш Жиентаева.
Алғаш ұйымдастырылған әжелер форумы болашақта дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақшы.