СҚО-да балабақшалардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Өзгерістер негізінен балабақшалар мен мектептерге қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бас мемлекеттік санитар дәрігер Әсет Жұматаевтың жаңа қаулысына сәйкес, балабақшалар кей талаптарды қатаң сақтай отыра жұмыс істей алады. Яғни ата-аналардың балабақша ішіне кіруіне рұқсат жоқ. Сондай-ақ топтар арасында түрлі іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.

2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанын адам саны 300-ден аспайтын мектептер, оқушы саны 15-тен аспайтын сыныптар дәстүрлі форматта бастайды.

2021 жылдың 1 наурызынан бастап жалпы білім беретін мектептерде мектеп алды сыныптарының оқушылары, 1-ден 5-ке дейінгі сыныптардың, халықаралық мектептерде 1-ден 7-ге дейінгі сыныптардың оқушылары дәстүрлі түрде білім алып жатыр. Алайда сыныптардағы балалар саны 25 адамнан көп болмауы тиіс.

Мектеп бітіруші сыныптардың оқушылары үшін 70 % пәндер мектепте, 30 %-ы қашықтан оқытылады. Сыныпта 15 адамнан көп болмауы қажет және «1 сынып - 1 кабинет» қағидаты қатаң сақталуы керек. Санитариялық-дезинфекциялық және маска режимдерін сақтау міндетті. Ал білім беру ұйымы әкімшілігі өз ұйғарымы бойынша оқушыларды сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда жеке оқыта алады.

Жаңа қаулы қол қойылған күннен, яғни бүгіннен бастап күшіне енді.

Бұған дейін СҚО-да көптеген ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне рұқсат берілгендігі жөнінде хабарлаған едік.