СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, қызамық ауруы биыл өршіп отыр.
Ауырғандардың басым бөлігі - Петропавл тұрғындары, 415 адам жұқтырған. Сондай-ақ сырқаттанғандардың 94 % - 14 жасқа дейінгі балалар.
«Былтыр сәйкес кезеңде 45 адам ғана ауырған. Петропавл мен екі ауданда ғана сырқаттану жағдайлары тіркелді. Биыл тек үш ауданда ғана ауырғандар болмады. Қызамық – жеңіл түрде өтіп жатыр, қазіргі уақытта карантинге жабылған мектептер жоқ. Әдетте, мектепке дейінгі білім беру мекемелері, соның ішінде 6 жасқа дейінгі балалар бар топтар жабылады. Мектептерде жұқтырған балалар да оқшауланбайды. Олар амбулаторлық ем алуға жіберіліп, дәрігерлердің бақылауында болады», - дейді Әсет Жұматаев.
Бас санитар дәрігердің айтуынша, қазіргі уақытта өңірде қызамыққа байланысты үш балабақшада карантиндік шаралар қолға алынды. Яғни топтарға жаңадан бала қабылданбайды, сабақтар бір кабинетте ғана өтеді.
«Қызамықпен ауырған адам 7 күн дәрігердің бақылауында болады. Әдетте дертті жұқтырған сырқаттың дене қызуы көтеріледі, ішу ауруып, құсуы мүмкін. Ең басты белгісі – тілі қызарып, денесі бөртуі мүмкін. Бұл белгілер пайда болған жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн», - дейді Әсет Жұматаев.
Бұған дейін СҚО-да тұмау жұқтырғандар саны артқанын айтқан едік. Екі айдың ішінде зертханалық расталған 216 жағдай тіркелді.