СҚО-да балалардың жарақат алуы жиіледі
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматологиялық пунктіне биылғы үш айда 2857 бала жүгінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,5% артық.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде жауапты мамандар жазғы каникулдың басталуына байланысты ата-аналарды балалар қауіпсіздігі туралы еске салды.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматологі Шыңғыс Нұрғалиевтің айтуынша, биылғы үш айда тіркелген жарақаттар саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 447-ге артық. Оның ішінде 1109 жағдаймен тұрмыстық жарақаттар бірінші орында тұр. Екінші орында 768 жағдаймен көше жарақаттары және одан кейін 478 жағдаймен мектеп жарақаттары тұр. Спорттық жарақаттар саны да былтырғымен салыстырғанда 389-дан 453-ке дейін өскен. Есесіне, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары азайып, 25-тен 16-ға төмендеген.
— Жазғы мезгілде балалар жарақаты өзекті мәселеге айналады. Балаларды қараусыз қалдырмау — жарақаттың алдын алудағы басты қадам. Әсіресе терезе мен есік ашық кезде, үшкір немесе химиялық заттар үйде қолжетімді жерлерде болғанда қауіп күшейеді. Сондықтан барлық ата-аналарды сақ болуға шақырамыз, — деді Шыңғыс Нұрғалиев брифинг барысында.
Маманның айтуынша, балалармен жүйелі түрде қауіпсіздік туралы әңгімелесіп отыру, жолда жүру ережелерін түсіндіру — жарақаттың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының штаттан тыс бас инфекционисі Елена Коптяеваның сөзінше, өңірде түрлі инфекцияның өршуі байқалады.
— Биыл ротавируспен ауырғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе артты. Ауру балалардың дене қызуы көтеріліп, ағзада интоксикация белгілері пайда болады, іш өту мен катаральды симптомдар — мұрын бітелуі, түшкіру, жөтел түрінде көрінеді, — деді инфекционист-дәрігер.
Сонымен қатар, жаз айларында энтеровирустық инфекция таралу қаупі жоғары. Бұл ауру көбіне ашық су қоймалары мен бассейндер арқылы жұғады. Осыған байланысты дәрігерлер шомылу кезіндегі қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлуге шақырады.
Соңғы үш жылда облыс аумағында дизентерия мен сальмонеллез жағдайлары тіркелмеген. Алайда мамандар бұл аурулардың алдын алу үшін қарапайым гигиена талаптарын сақтауға шақырады.
— Дизентерияны «лас қол» ауруы деп атайды. Көбіне бес жасқа дейінгі балалар ауырады. Алдын алу үшін жеміс-жидектер мен көкөністерді пайдаланбас бұрын ағын сумен мұқият жуу керек, тамақ өнімдерінің сақтау мерзіміне назар аудару, су қоймаларында шомылғанда балалардың суды ішіп қоюына жол бермеу және қол гигиенасына көңіл бөлу. Жалпы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы көптеген қолайсыз жағдайлардың алдын алуға болады. Әсіресе жаз айларында балалардың өмірі мен денсаулығына бей-жай қарамау аса маңызды, — деді Елена Коптяева.
Бұған дейін Петропавлда ер адамның үстіне бензин төгіліп, тірідей жанып кете жаздағанын жазған едік.