СҚО-да баласына алимент төлемеген 36 ата-ана қамалды

Фото: Фото: Freepik

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — СҚО прокуратурасы жыл басынан бері алимент өндіру жөніндегі сот актілерін орындамағаны үшін 6 борышкерге Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 669-бабымен іс қозғады. Сот шешімімен бәрі қамауға алынды. 

Уәлиханов аудандық сотының 18 наурыздағы қаулысымен аудан прокуроры қозғаған іс бойынша борышкер С. 5 тәулікке қамауға алынды.

Жалпы, облыс бойынша сот орындаушыларының жұмысын үйлестіру арқылы тағы 36 борышкер әкімшілік қамауға алынған. 

Сонымен қатар, 8 проблемалық борышкер Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, Шал ақын аудандық сотының 6 мамырдағы үкімімен кәмелетке толмаған баласына 7 айдан астам уақыт бойы алимент төлемегені үшін 2,6 млн теңге қарызы бар борышкер Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.

Қабылданған қатаң шаралардың нәтижесінде алимент берешегі жыл басынан бері 100 млн теңгеге (260-тан 160-қа дейін) азайды.

Қалған борышты өндіріп алу жұмысы жалғасып жатыр, оған барлық мемлекеттік және уәкілетті органдар тартылған.

Үш ай ішінде алимент төлемегендерге — әкімшілік, алты айдан бастап қылмыстық жауапкершілік туындайды.